ГЛОБАЛДЫҚ НАРЫҚТАР
Сейсенбі күні Уолл-стриттегі қор индекстері құбылмалы сауда сессиясынан кейін аздап өсіп жабылды. Бұған банктердің жақсы қаржылық нәтижелері себеп болғанымен, сауда тарифтеріне қатысты жаңа ақпараттарға байланысты инвесторлардың алаңдаушылығы қайта күшейді.
S&P 500 индексі 5 396,63 пункт деңгейінде жабылды. Технологиялық Nasdaq Composite индексі 0,59%-ға өсіп, 16 823,17 пунктке жетті. Ал Dow Jones өнеркәсіптік индексі 0,38%-ға өсіп, 40 368,96 пунктті құрады.
Қаржы секторы 1,3%-ға өсті. Бұл өсім Bank of America мен Citi акцияларының қымбаттауына байланысты болды. АҚШ-тағы актив көлемі бойынша екінші және төртінші орындағы бұл банктер бірінші тоқсанда таза табыстың екі таңбалы пайыздық өсімін көрсетті.
Bank of America басшысы Брайан Мойнихан АҚШ тұтынушыларының төзімділігін атап өтті. Оның айтуынша, тұтынушылар шығындарын жалғастырып, несие сапасын жақсы ұстап отыр. Citi бас директоры Джейн Фрейзер АҚШ сауда соғыстарынан кейін де әлемдік жетекші экономика болып қала беретінін және доллар әлемдік резервтік валюта статусын сақтайтынын мәлімдеді.
Bloomberg ақпаратына сәйкес, АҚШ пен Еуроодақ арасындағы сауда келіссөздерінде айтарлықтай ілгерілеушілік жоқ. ЕО АҚШ-тың сауда тарифтері өзгермейді деп күтеді. Сондай-ақ Bloomberg Қытай үкіметі өз авиакомпанияларына АҚШ-тың Boeing ұшақтарын алуды тоқтатуды тапсырғанын хабарлады.
Трамп әкімшілігі Nvidia Corp. компаниясының Қытайға чип экспорттауына жаңа шектеулер енгізді. Бұл жаңалық технологиялық компаниялардың акцияларын төмен тартып, нарықтың жалпы көңіл-күйіне теріс әсер етті.
Нарық ашылғанға дейінгі саудада Nvidia акциялары шамамен 5%-ға арзандады. ASML Holding NV тапсырыстарының күтілгеннен төмен болуына байланысты акциялары 7%-дан астам төмендеді. Еуропаның Stoxx 600 индексі 0,7%-ға түсті. Доллар әлсіреп, алтын бағасы рекордтық деңгейге жетті, ал швейцариялық франк күшейді.
Бүгін Федералдық резерв жүйесінің төрағасы Джером Пауэлл сөз сөйлейді. Инвесторлар сауда шиеленісінің күшеюі қарсаңында наурыздағы АҚШ бөлшек сауда деректерін күтуде.
Облигациялар нарығында АҚШ қазынашылық облигацияларының кірістілігі өткен аптаның сатылымынан кейін тұрақталды. Негізгі 10 жылдық облигация кірістілігі 4 базистік пунктке төмендеп, 4,34%-ды, ал 2 жылдық облигация кірістілігі 3,86%-ды құрады.
Ақ үй баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт 15-тен астам сауда келісімдері белсенді қаралып жатқанын, ал президент Трамп оларды өзі мақұлдағысы келетінін айтты. Оның сөзінше, Трамп Қытаймен келісім жасау енді Қытайдың өзіне байланысты деп есептейді.
Таңертеңгі сауда сессиясында Қытайдың АҚШ-пен келіссөздерге ашық болуы мүмкін деген ақпарат пайда болғаннан кейін, нарықта ішінара оптимизм байқалды.
Корпоративтік жаңалықтар:
Lowe's компаниясы Artisan Design Group компаниясын $1,325 млрд-қа сатып алмақшы. Мәміле 2025 жылдың екінші тоқсанында жабылады.
Трамп Medicare дәрі бағаларын төмендетуге бағытталған бұйрыққа қол қойды.
Акциялардағы ең үлкен өсім:
United Airlines +6%: Компанияның қаржылық көрсеткіштері күтілгеннен жоғары болды, бірақ рецессия жағдайында тәуекелдер барын ескертті.
Акциялардағы ең үлкен құлдыраулар:
Nvidia -6%: АҚШ-тың Қытайға чип экспортын шектеуі салдарынан $5,5 млрд шығын күтілуде.
ASML Holding -5%: Әлсіз тапсырыстар, АҚШ сауда шектеулерінен туындаған сұраныстың белгісіздігі.
J.B. Hunt Transport Services -6%: Түсім мен маржаның төмендеуі инвесторларды алаңдатты.
Interactive Brokers -9%: Бірінші тоқсандағы табыстың төмендігі акциялардың бөлінуі мен дивидендтердің өсуі туралы жаңалықты көлеңкеде қалдырды.
КАЗАҚСТАН НАРЫҒЫ
Сейсенбі күнгі сауда қорытындысы бойынша KASE индексі 1,47%-ға өсіп, 5 590,15 пункт деңгейіне жетті. Өкілдік тізімдегі акциялар арасында ең көп мәміле саны (2 294 мәміле) және ең үлкен сауда көлемі (164,0 млн теңге) «Қазақстан Халық Банкі» АҚ акцияларына тиесілі болды.
Позитивті динамиканы сегіз компанияның акциялары көрсетті:
-
«Қазақстан Халық Банкі» АҚ (+3,38%),
-
«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ (+2,43%),
-
«Банк ЦентрКредит» АҚ (+2,36%),
-
«Қазақтелеком» АҚ (+2,06%),
-
Kaspi.kz АҚ (+1,29%),
-
«ҚазТрансОйл» АҚ (+0,50%),
-
«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ (+0,48%),
-
«Эйр Астана» АҚ (+0,27%).
TONIA (мемлекеттік бағалы қағаздармен бір күндік репо операцияларының кірістілігі) 11 базистік пунктке төмендеп, жылдық 15,64%-ды құрады. АҚШ долларымен қамтамасыз етілген теңгедегі бір күндік SWAP-1D (USD) операцияларының мөлшерлемесі 38 базистік пунктке төмендеп, жылдық 11,52%-ды құрады. Ақша нарығының бір күндік құралдарымен сауданың жалпы көлемі 500,222 млрд теңгені құрады.
Сейсенбі күні сағат 17:00-дегі жағдай бойынша доллардың орташа сараланған бағамы ертеңгі есеп айырысу мерзімімен 517,00 теңгені құрады, теңге 1,07 теңгеге нығайды. Сауда көлемі 177,426 млн АҚШ долларын құрады, барлығы 589 мәміле жасалды. Доллардың минималды бағамы 516,00 теңге, максималды бағамы 518,20 теңге болды, соңғы мәміле 518,00 теңгемен жабылды.
Корпоративтік жаңалықтар:
-
«Қазатомөнеркәсіп» АҚ Чехияға уран концентратын жеткізеді.
-
Kcell өзінің төлем сервистерін дамыту үшін Jusan Bank орнына жаңа серіктес тапты.
-
«Кселл» 2024 жылдың 4-тоқсаны мен 12 айлық қаржылық нәтижелерін жариялады.
-
Halyk қытайлық туристер үшін QR WeChat төлем қызметін іске қосты.